ШҚО ТЖД құтқарушылары Апаттар медицинасы орталығы мен бірлесе оқу-жаттығу өткізді. Аблакетка айлағында өткен шара жайлы сюжеттен көрелік.
Оқу-жаттығу жоспары бойынша теплоходтан өрт шыққан. Экипаж мүшелері алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалана отырып қызыл жалынды сөндіруге тырысқан. Дегенмен, нәтиже болмай капитан дабыл қағып, мамандарды көмекке шақыруға бел буады. Оқиға орнына моторлы қайықпен құтқарушылар және апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері келді. Экипаждағы екі адам төтенше жағдай орын алғанда теплоходтан суға секірген. ШҚО ТЖД өрт сөндірушілері оларды дер кезінде құтқарып, жағаға жеткізді. Кейін дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетті. Өрт шыққан кеме жағаға жеткен соң, айналадағы құрғақ шөп пен бұталарға, саяжай аумағына қауіп төндірді. Көмекке жағалау аймағындағы өртті сөндіруге арналған «Ледокол-2» кемесі келді.
Болат Нұрдыбаев, ШҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы:
Аблакет айлағында «Ледокол» өрт сөндіру кемесін қолдана отырып, өрт-тактикалық жаттығуын өткіздік. Мұндағы мақсат – шартты өртті сөндіру, адамдарды құтқару және қызыл жалынның жағалауға таралуына жол бермеу. Құтқару жұмыстарына ШҚО ТЖД-ның күштері мен техникалары, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, авариялық-құтқару жасағы жұмылдырылды.
Мұндай оқу-жаттығулар бөлімшенің жауынгерлік әзірлігін арттырып, мамандардың бірлесе әрекет ету дағдыларын шыңдауға жол ашады.
ГҮЛДАНА АЙДАРҚЫЗЫ