Облыс орталығында жазушы, журналист, ұлағатты ұстаз, Айтмұхамбет Қасымұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Тарихи жол» атты шығармашылық кеш өтті. Қаламы қуатты қайраткердің құрметіне ұйымдастырылған шараға зиялы қауым өкілдері, шәкірттері мен әріптестері жиналды.

Айтмұхамбет Қасымұлының қаламгерлігі мен ұстаздық қызметі – талай буынға бағыт берген кемел жол. Ол аймақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып, 40 жылдан астам уақытын осы салаға сарп еткен. Әдебиет пен тіл білімінде де із қалдырған тұлға шәкірт тәрбиелеп, өшпес мұра қалдырды.

Бүгінде Айтмұхамбет Қасымұлының шәкірттері республикалық және өңірлік ақпарат құралдарында қызмет етуде. Ұлағатты ұстаз берген тәлімнің арқасында болмысы қалыптасып, журналист атандық, дейді шәкірттері.

Кеш соңында қаламгердің еңбектерінен үзінді оқылып, журналистика саласындағы жетістіктері мен ұстаздық жолы кеңінен әңгімеленді. Шығармашылық кеш – Айтмұхамбет Қасымұлының өнегелі өміріне көрсетілген құрмет пен алғыс іспетті.