Облыс орталығында Балаларды қорғау күніне арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі – Өскемендегі «Үміт» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өтті. «Баланың әл-ауқаты – мемлекеттің қамқорлығында» атты дөңгелек үстелге аймақтағы білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева, мекеме педагогтары, сала мамандары мен жоғары сынып тәрбиеленушілері қатысты.
Дөңгелек үстел – балалармен ашық сұхбат түрінде өтті. Олар мектеп өмірін жақсартуға бағытталған өз ұсыныстарын жеткізіп, пікірлерін еркін айтты. Болашақ мамандықтары жайлы да ой бөлісті. 11 сыныпты тәмамдаған Рената Шемпаева журналист болуды армандайды.
Шара аясында білім беру сапасы, мұғалім мен оқушы арасындағы сенім, мектептегі ахуал, тамақтану және бос уақытты тиімді өткізу мәселелері қозғалды. Қазіргі таңда орталықта 140 бала тәрбиеленуде. Оларға қажетті жағдай жасалған. Орталық оқу жылын сәтті аяқтаған.
Жиында оқушылар «бақытты мектеп» ұғымына қатысты пікірлерін ортаға салды. Бұдан бөлек, өнер мен білімге деген құштарлықтарын оятқан сүйікті пәндері мен үйірмелері туралы да сөз қозғады.
Жиында оқу мен шығармашылықта жетістікке жеткен балалар марапатталды. Шара соңы «Үміт» вокалдық студиясының шағын концерттік бағдарламасына ұласты.