Облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті шалғай аудандарда салық заңнамасын түсіндіруге арналған ауқымды көшпелі семинар өткізді. Биыл жиын Марқакөл және Катонқарағай аудандарында ұйымдастырылды. Шараға құқық қорғау және уәкілетті органдардың өкілдері қатысты.

Шараның мақсаты– өңірдегі тұрғындардың салық сауаттылығын арттыру. Бұл өз кезегінде көлеңкелі экономика мен сыйбайлас жемқорлық әрекеттеріне тосқауыл қоюға ықпал етеді. Облыстық мемелекеттік кірістер департаментінің өкілдері өткен жылы төрт ауданда осындай ауқымды жиын ұйымдастырды.

Марқакөл ауданында 22 елді мекен бар. 612 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Алайда кәсіпкерлікпен айналысатын тұрғындар үшін салық заңнамасындағы өзгерістерді қызмет барысында қолдану, бекітілген талаптарды орындау оңайға соқпайды.

Семинарда тұрғындарға салық органдарында тіркелу тәртібі, бақылау-кассалық машиналары мен POS-терминалдарды пайдалану, жалдамалы қызметкерлер мен кірістерді салық есебінде көрсету, туристік нысандарға салық салу, тауарларға ілеспе жүкқұжаттар сынды маңызды мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Катонқарағай ауданында қазіргі таңда 1459 бизнес субъектісі тіркелген. Оның басым бөлігін жеке кәсіпкерлер құрайды. Оларға салық заңнамасын түсіндіру - қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді байланысты нығайтатын маңызды тетік. Семинар барысында қатысушылар жалпыға бірдей декларациялау мен мобильді аударымдар, сондай-ақ «Чек талап ет – жүлде ұтып ал», «Бәйге» акциялары мен «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасының шарттарымен де танысты.

Семинар соңында мамандар азаматтарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Мұндай ашық диалог форматы тұрғындардың көкейіндегі көп күмән мен сауалға нүкте қойып, салық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шараға айналды.