Жол. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру үшін маңызды сала. Шегеруге келмейтін, тұрғындарды қашанда толғандыратын тақырып. Биыл Риддерде қалаішілік жолдар ретке келтіріліп жатыр. Инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бастама аясында бірнеше көшеге асфальт төселіп, жол жиектері де жөнделеді.

Қазіргі таңда Риддерде құрылыс жұмыстары қызып тұр. Қаладағы көшелерде орташа жөндеу жұмыстары, тротуар салу, қиыршық тас төсеу, шұңқырларды бітеу қарқынды жүргізілуде.

Жол жөндеу жұмыстарына жергілікті, отандық өнім қолданылып жатыр. Қажетті материалды асфальт-бетон зауыты шығарады.

Жол жөндеу жұмыстарының сапалы іске асырылуы жергілікті әкімдіктің тұрақты бақылауында. Себебі, күре жолдардың тозығы жетіп, оған назар аударылмаса арты оқыс оқиғамен аяқталуы мүмкін. Қалаішілік жолдарды ретке келтіру жұмысына облыстық және жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған.

Сала мамандарының мәліметіне сүйенсек, жоспарланған жұмыс 90 пайызға аяқталды. Ендігі кезекте Белый луг және төртінші аудандағы жолдар орташа жөндеуден өтеді.