Алтай қаласында облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген президиум отырысы өтті. Жиынға өңірдің әр аудандарынан келген ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты. Шара аясында жас ұрпақты тәрбиелеу, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау мәселесі талқыға түсті. Бұдан бөлек, аймақтағы ардагерлер ұйымы басшылары атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді.

Ардагерлер кеңесін аудан тұрғындары сән салтанатымен қарсы алды. Кеңес мүшелері алдымен этномәдени бірлестіктердің және «Әжелер алқасы» кабинетінің жұмысымен танысты. Келелі бас қосуда салт-дәстүр тақырыбы төңірегінде қойылым көрсетіліп, ұмыт болған ғұрыптар қайта жаңғырды. Танымдық шараға жиналғандар Алтай ауданының Достық үйіне, өлкетану музейіне, бірнеше мектепке ат басын бұрды. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген «Ұзақ жасау» клубының мүшелерімен кездесті.

Облыстық ардагерлер кеңесі аймақтағы мәдени-бұқаралық шараларға белсенді қатысып келеді. Жиын барысында соғыс жылдарындағы әндер байқауының қорытындысы жарияланып, үздіктер марапатталды. Бұдан бөлек, ардагерлер ұйымдарының жұмыс нәтижелері қаралып, жоспарлар пысықталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жиындар ардагерлердің қарым-қатынасын нығайтып, жұмыстың тыңғылықты жүруіне сеп болады.