Оқу жылы аяқталып, елiмiздегi бiлiм ұяларын соңғы қоңыраудың сыңғыры күмбiрлетiп әкеттi. Облыс орталығындағы 52 мектептен 1899 жас түлек үлкен өмірге қадам басты. Осыған орай аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Шоқан Уәлиханов атындағы № 3 мектеп-лицейіне барып, түлектерге ізгі тілегін білдірді. Салтанатты жиын барысында ұстаздар мен ата-аналар ақжарма тілектерін айтты.
Мектеп бітірушілер бүгін ерекше толғаныс үстінде. 11 жыл бойы білім нәрімен сусындаған алтын ұяларын қимағанымен, болашаққа нық қадам басуға дайын. Олар көпшілік алдында өнер көрсетіп, ән шырқап, би биледі. Кеше ғана тарыдай болып кiрiп, бүгiн таудай болып шыққан қарлығаштардың алдында әлi талай асу бар.
Соңғы қоңырауды мейрам ретінде тойлау – елімізде баяғыдан бері қалыптасқан үрдіс. Осы дәстүрлі шара барлық мектептерде өзіндік ерекшеліктерімен есте қалды. Бұл күні ата-аналар да балалардан кем толқымады.
Мектеп түлектеріне аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов ақ жол тілеп, алдағы үлкен сынақтардан сүрінбей өтулеріне тілектестігін білдірді.
Аталған мектептен биыл 80-нен астам түлек болашаққа қадам басып отыр. Олардың ішінде спорт және шығармашылық, зияткерлік ойындарда жүлделі орындарға ие болған оқушылар бар.
Соңғы қоңырау салтанатына түлектермен қатар, мектеп мұғалімдері, ардагер ұстаздар және ата-аналар қатысты.