«Апат айтып келмейді...» Мамандардың айтуынша, өңірде 75 сейсмикалық қауіпті елді мекен бар. Жыл басынан бері облыста 3 жер сілкінісі тіркелген, зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ТЖД өкілдері айтты.

Өңірде сейсмикалық жағдайды бақылайтын 12 жабдық онлайн режимде жұмыс істейді. Ал жер сілкінісі туралы халықты жедел құлақтандыру үшін 72 дабыл мен 48 сиреналық-сөйлеу құрылғысы орнатылған.

Төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету үшін облыста 224 маман және 53 арнайы техникадан тұратын күштер тобы жасақталған. Бұдан бөлек, 182 эвакуациялық пункт бар.

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, 2025-2026 жылдары Өскемендегі ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық төзімділігіне паспорттау жүргізіледі.

Құтқарушылар атап өткендей, жер сілкінісі кезінде азаматтардың қатаң ұстануы тиіс ережелер тізімі бар. Сол нұсқауларды ескере отырып, ТЖ кезінде өзіңіздің ғана емес, жаныңыздағы адамды да құтқарып қалуыңыз мүмкін.