Ұлан ауданына қарасты Таврия ауылында жұмысшы мамандық иелері арасында кәсіби шеберлік сайысы өтті. Электромонтерлер, шеберлер мен жүргізушілер өзара бақ сынасып, біліктіліктерін ортаға салды. Шара «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ұйымдастырылып отыр. Жиында бүкіл ғұмырын осы салаға арнаған тәжірибелі мамандар да бар. Олардың өмір жолы мен еңбегі - жас буынға үлгі. Мұндай бастама жастарды еңбекке баулуға септігін тигізеді,-дейді ұйымдастырушылар. Ауылға барып қайтқан әріптесім Бекарыс Секен тарқатып айтады.

Электр қуаты - өркениеттің күретамыры. Ал оны ауыл мен қалаға үздіксіз жеткізіп тұрған жандар - нағыз еңбек майталмандары. Осындай жанның бірі - Ерболат Әлпиев. 1985 жылы алғаш еңбек жолын бастаған маман - бүгінде өңір тұрғындарын электр энергиясымен қамтып отырған компанияның директоры.

Ерболат Әлпиев - кәсібіне адал, халқына шынайы қызмет етіп жүрген азамат. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында алған «Үздік еңбек адамы» марапаты - маңдай тердің жемісі.

Еңбек жолын электр жабдықтарының шебері ретінде бастаған Ерболат Сайфолланұлы, жас мамандарға жол көрсетіп, тәжірибесімен бөлісіп келеді. Оның шәкірттері бүгінде елдің әр өңірінде еңбек етіп жүрген білікті мамандар.

Еңбек - кез келген жетістіктің бастауы. Ал оны адал атқарған адамның жолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Ерболат Әлпиев сынды майталмандардың өмір жолы мен кәсіби табысы - жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттырып, жастарды еңбекке баулуда үлкен рөл атқарады. Міне, осындай жандар - ел болашағына жол көрсетіп жүрген шынайы еңбек ерлері.

Ұлан ауданында өткен кәсіби шеберлік сайысына облыстың 11 ауданынан мамандар жиналды. Жарыс барысында қатысушылар түрлі тапсырмаларды орындап, теориялық білімдерін іс жүзінде көрсетті.

Бұл сайыс - тек бәсеке емес, тәжірибе алмасу алаңы. Әр ауданнан келген мамандар біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды.

Мұндай шаралар еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттырады. Ұлан ауданында өткен бұл байқау - кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің нағыз көрінісіне айналды.