Өскемен жастары «Вандализмге жол жоқ» акциясын өткізді. «Жастар рухы» ЖҚ белсенділері мен еріктілер бірлесіп, «Тәуелсіздік» монументінің маңын күл-қоқыстан тазартты. Мақсат – тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау, оларды қорғауға қоғам назарын аудару. Облыс орталығының белсенділері аталған шараны ай сайын өткізуді жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат» тұжырымдамасында атап өткендей, ең басты құндылықтардың бірі - туған жер мен елге деген құрмет. Осы ұстанымды ту еткен шығыстағы «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері өскелең ұрпақты туған өлкенің табиғаты мен тарихына жауапкершілікпен қарауға, тарихи ескерткіштерді қорғауға шақыру мақсатында тұрақты түрде түрлі акциялар ұйымдастырып келеді.

Бүгінгі шара жастардың туған қаласына, қоршаған ортаға бейжай қарамайтынын айқын көрсетті. Белсенділер облыс бойынша ескерткіштерді, онымен іргелес аумақты тазартып, ретке келтіріп жатыр. Жастар осы іспен туған өлкенің тарихын, дәстүрі мен әдет-ғұрыпын зерделеуге мүмкіндік алды.

Бұл акция аймақта тоқсан сайын өткізіледі. Бүгінгі шараға жиырмадан астам белсенді қатысты. Ұйымдастырушылар мұндай бастама соңғы жылдары оң нәтиже беріп, вандализм деректерінің азаюына ықпал еткенін айтады.