Балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара Өскемендегі №3 халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Oskemen һub» алаңында өтті. Шара аясында «Үміт» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының» тәрбиеленушілері цифрлық технология, мемлекеттік қызметті алу жолдарымен танысты.

 «Қазақстан балалары» республикалық онкүндігі аясында ұйымдастырылған шара «Кибер Тұмар» ақпараттық-білім беру науқанына арналды. Мақсат – жеткіншектердің цифрлық кеңістіктегі сауатын арттыру. Жасөспірімдерге электронды цифрлы қолтаңба, интернеттегі қауіпсіздік ұғымы кеңінен түсіндірілді.

Ал «Oskemen һub» мамандары оқушыларға киберқауіпсіздік негіздерін үйретіп, ақпараттық кеңістікте жиі кездесетін теріс әрі жалған ақпараттарды анықтау жолдарын көрсетті. Шеберлік сағаты балаларға қызықты әрі пайдалы болды.

Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Оқушылардың басым бөлігін интернеттегі қауіпсіздік түсінігі қызықтырды.

 «Қазақстан балалары» республикалық онкүндігі аясында облыс орталығында бірнеше шара өткізу жоспарланған. Оның аясында мектеп оқушылары түрлі сала мамандарының қызметімен жіті танысады.