Өскемендегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №39 орта мектепте «Білім ошағына апарар қауіпсіз жол» атты жобаның таныстырылымы өтті. Жоба мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бастаманың іске асуына облыстық прокуратура мен мектеп әкімшілігі ұйытқы болған.

Қатарластарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тың идеяны көпшілікке ұсынғандардың бірі - Әлия Жеңісбекова. Оның "Safe way to School" атты әлеуметтік жобасы көптің көңілінен шығып үлгерді. Дарынды оқушы қаладағы қауіпті аумақты анықтап, бұл мәселеге бей-жай қарамау қажеттігін жоба арқылы жеткізген.

Жобаны іске асырмас бұрын мектеп оқушылары «Oskemen IT һub» базасында білімдерін жетілдіріп, дайындықтан өткен. Курс аясында жас өрендер әлеуметтік бастамаларды дамыту, жастарды қолдау, көшбасшылық қабілеттерді қалыптастыру бойынша тәжірибе жинаған. Ал практикалық сабақтар Алматыда ұйымдастырылған.

Шараға облыстық прокуратура, білім басқармасы мен жергілікті полиция қызметі өкілдері, оқушылар қатысты. Жобаны іске асыру барысында жас өрендер мектепте қауіпсіз орта қалыптастыру жолын зерттеген. Бастама іске аспас бұрын жан-жақты талқылаудан өткен. Облыстық прокуратура өкілдері балалардың қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін уәкілетті органдар мен ата-аналар, оқушылар бірлесе әрекет етуі керек деген пікірде.

Аймақтағы тәртіп сақшылары оқушыларға жол жүру ережесін үйретіп, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Тіпті арнайы үйірмелерде ашылған. Дегенмен, мектеп қабырғасында өткен жиында бас қосқандар балалардың жолдағы қауіпсіздігі-ересектердің қолында екенін ұмытпаған жөн деген пікірде.