Жалпыға бірдей декларацияны тапсырудың үшінші кезеңі биыл қыркүйек айында аяқталды. Талап бойынша кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары 15 қыркүйекке дейін ел аумағындағы және шетелдегі активтері жөнінде дерек ұсынуы тиіс болатын. Осы жұмыстардың нәтижесі мен келер жылы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, төртінші кезең бойынша декларация тапсырудың тәртібі туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары жиын өткізіп, сұрақтарға жауап берді.

Жиында сала мамандары жалпыға бірдей декларация тапсырудың үш кезеңін қорытындалады. Белгіленген уақытта тапсырып үлгермеген азаматтардың 31 желтоқсанға дейін әлі де мүмкіндігі бар екендігін айтты. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыс жалғасуда.

Келер жылы төртінші кезең басталады. Енгізіліп жатқан түзетулерге сәйкес, жеке тұлғалардың жекелеген санаттары үшін міндетті және ерікті декларациялау құқығы сақталады.

Сонымен қатар шетелдегі декларациялауға жататын активтер тізімі белгілі. Оған жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, инвестициялық және бағалы металдар, бағалы қағаздар және тағы басқалары кіреді. Декларацияны тапсыру мерзімі 2025 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 15 қыркүйекке дейін жалғасады.