«Алтай» көтерме-тарату орталығында сенбілік жәрмеңке өтті. Бұл жолы облыс орталығына Ұлан ауданының өнімдері жеткізілді. Ауылдың дәмін сағынған халық мол жиналды. Себебі, тағам табиғи. Қала тұрғындары мен қонақтары ет, сүт, бал өнімдерін қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік алды.
Таң атқалы жәрмеңкеге асыққан жұрттың қарасы қалың. Барлығы дәмді, сапалы өнімге қол жеткізуге асық. Ұлан ауданынан әкелінген экологиялық таза өнімдер кімді де болсын қызықтырмай қоймайды. Сөреге қойылған тауар түрі де көп. Еттің бірнеше түрі, көкөніс, сүт өнімдері мен бал да бар.
Мұндай жәрмеңкенің тұрғындар үшін артық тұсы көп. Ең алдымен бағаның төмендігі. Себебі, тауар бірден өндіруші арқылы сатылады. Үстеме баға қосылмайды.
Жәрмеңкеге жиналған қала тұрғындары сауда сөрелерінен жаңа жылдық дастарханға деп қаз, үйрек, қазы, жал-жая, көкөніс өнімдерін де көптеп сатып алды. Сенбілік жәрмеңкеге жиналған жұрт табиғи таза өнімді алғандарына риза болып тарқасты.