Жаңа жыл түнін жұмыста қарсы алатын тұрғындар жетерлік. Тізімді бастап тұрған - тәртіп сақшылары. Олар 31 желтоқсан ғана емес, мереке атаулының бәрінде тыным таппайды. Жұрт демалып жатқанда жұмысы күшейтілген кезекшілікке аусады. Арна тілшісі жылдар тоғысатын түнде жұмыста болатын полиция қызметкерлерімен жүздесіп қайтқан еді.
Жаңа жыл қарсаңындағы полицейдің жұмысы – тек тәртіпті сақтау ғана емес, азаматтардың амандығын қамтамасыз етіп, оларға көмек қолын созу. Қызметке деген адалдық пен жанашырлықтың үлгісі ретінде – бұл кәсіп иелерінің еңбегі зор.
Облыс орталығындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін, қала бойынша 70 патрульдік полиция автокөліктері мен 500 тәртіп сақшылары жұмылдырылған. Барлық экипаж күшейтілген режимде қызмет атқарады. Қалалық жол сақшысы Азамат Бүлкібаев биыл 9-шы жыл қатарынан жаңа жылды қызмет бабында қарсы алмақ. Патрульдік полиция қызметкеріне қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті жүктелген.
Тәртіп сақшылары тұрғындардан заңды бұзбауды және айналасындағыларға құрмет көрсетуді сұрайды. Ал қандай да бір құқық бұзушылықпен бетпе-бет келген жағдайда «102» арнасына хабарласуға шақырады.