Жаңа жыл қарбаласқа толы. Мереке күні кезекшілікке түсіп, еңбек ететін маман иелері бұл біз үшін қалыпты жұмыс күні деп біледі. Себебі, халықтың тыныштығын күзететін тәртіп сақшылары да, ауырып, медицина қызметкерінің көмегіне жүгінген науқасқа алғашқы көмек көрсететін жедел жәрдем дәрігерлері де өз міндеттерін асқан жауапкершілікпен атқарады. Мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істеп, әр шақыртуға дер кезінде жетуге тырысады. Бастысы өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындап, адам өміріне араша болу.

Бұл шұғыл бөлімге өңірдің барлық аудандарынан қоңырау түседі. Барлық шақырту осы жерде қабылданып, ары қарай бригадаларға беріледі. Нұртас Сейлхановтың мұнда еңбек еткеніне 5 жыл. Биыл 5-ші рет жаңа жылды жұмыста қарсы алуда.

Әр диспечердің күні осылай өтеді. Әр қоңырау шалушыны мұқият тыңдап, тиісті ақпарат алады. Телефон қоңырауынан бөлек телеграм бот арқылы да шақырту қабылданады. Сосын өзге мамандар тиісті бригадамен байланысып, тапсырма береді.

Әр фельтдшердің телефонына науқастың мекенжайы, жағдайы туралы ақпарат түседі. Ол бригада бірден өз жұмысына кіріседі. Лимара Жамелова жедел медициналық көмек көрсету станциясының фельдшері. Бұл салада 11 жыл еңбек етіп келе жатқан ол өз ісіне жауапты, қарапайым еңбек адамы. Күні-түні өзгелерге көмектесуден жалыққан емес. Биыл Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен алғаш рет өткен «Өз кәсібінің үздігі -2024» байқауында үздік фельшер атанды.

Науқасқа алғашқы көмек көрсететін дәрігерлерді жылдам діттеген жеріне жеткізу көлік жүргізушілерінің міндеті.

Қазіргі кезде облыста 20 қосалқы станция бар. Ондағы қызметкерлер де мереке күндері күшейтілген режимде еңбек етеді. Жаңа жыл күні тек Өскемен қаласы бойынша 30 бригада жұмысқа тартылады.

Азаматтардың денсаулығына жауапты сала мамандарының еңбегі еш нәрсемен өлшенбесі анық. Өз анттарына адал, білікті мамандардың еңбегі ерен.