Күршім ауданында 22 мектеп бар. Бұл тізім жақында тағы бір білім ордасымен толығады. Бірлік ауылында басталған құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңа оқу ордасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтермек. Жоба Мемлекет басшысының үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін қабылдаған шарасының негізінде басталған.
Бірлік ауылындағы жаңа мектеп 80 оқушыға арналған. Шағын елді мекендегі білім ордасы сапалы, заманауи талаптарға сай болады. Ауылдағы ескі мектеп әбден ескіріп, «апатты жағдайда» деп танылған. Қазір ауылдағы білім ошағында 41 оқушы бар. Ал 15 бала шағын орталықтағы бүлдіршіндер.
Бұдан бөлек, Бірлік ауылына Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан екі отбасы қоныс аударып келді. Олар «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған жаңа үйлерге қоныстанды. Көшіп келушілерге аудан әкімдігі мен ауылдың белсенді азаматтары барынша қолдау көрсетті.
Ауылдарды абаттандыру, көркейту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Биыл аудан орталығындағы Исабеков, Қайшентаев, Тәуелсіздік, Әкімжанов, Көкшетау көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталған. Бұрын қараңғылық құшағында тұрған ауыл көшелері бүгін - жап – жарық. Алдағы жылы күршімдегі тағы бірнеше елді мекеннің көшелері жарықтандырылмақ.