Өскемендегі «Ана мен бала» орталығында ем алып жатқан балғындар қуанышқа бөленді. «Торпедо» клубының хоккейшілері мен «Казцинк» компаниясының өкілдері жаңа жыл қарсаңында бүлдіршіндерге жұмсақ ойыншықтар мен тәтті сыйлықтар табыстап, құттықтап қайтты.
«Басты жеңістеріміз – балаларға!» атты шара биыл жетінші рет өткізіліп отыр. Жаңа жыл – ең алдымен балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Жаңа жыл - ғажайыптар уақыты. Әр бала тосын сыйды асыға күтеді, дейді «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Ауруханада барлығы 400-ге жуық бала ем алып жатыр. «Торпедо» клубының ойыншылары да жыл сайын осындай игі шараға қатысып, бүлдіршіндердің көңілін аулап жүреді.
Балақайлардың ата-аналары да жаңа жылдық сыйлықтар үшін қала тұрғындарына, спортшылар мен «Казцинк» өкілдеріне алғыстарын білдірді.
Игі іске бір кісідей атсалысқандардың барлығы балаларға тамаша көңіл-күй сыйлады. Естен кетпес бұл күн балалар үшін жылу мен шаттыққа толы болды.