Ел Президентінің пәрменімен қолға алынған шалғай елді мекендердегі медицинаны дамыту бастамасы Зайсан ауданында қарқынды іске асырылуда. Өткен жылы ғана жеті медициналық ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Оның алтауы ауылдық жердегі нысан болса, біреуі аудандық аурухана. Күні кеше үш елді мекенде медициналық пункт ашылып, қолданысқа берілді. Жаңа нысандар заман талабына сай жабдықталған.
Емдеу кешендері «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Медициналық нысандарды ашу салтанаты Сарыжыра ауылынан бастау алды. Енді ауыл медбикелері халыққа сапалы қызмет көрсетпек.
250 тұрғыны бар сарыжыралықтар үшін бұл үлкен қуаныш. Себебі, ауылда дәл осындай медициналық нысан болмаған. Енді тұрғындар ем іздеп ауданға сабылмаймыз, дейді.
Мұнда медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Мекемеде 15 кабинет бар. Бір ауысымда шамамен 25 адамды қабылдауға қауқарлы.
Бұдан бөлек, Жаңатұрмыс ауылында да медициналық пункт пайдалануға берілді. Мұнда Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы арнайы келіп, лента қию рәсіміне қатысты. Ол ауыл тұрғындарын құттықтап, дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі. Ал, медициналық нысандардың құрылысымен жергілікті компания “СМУ-Шығыс” ЖШС айналысқан.
Шалғай ауыл тұрғындары үшін мұндай медициналық мекеменің маңыздылығы жоғары. Енді келер жылы Қаратал ауылында салынып жатқан амбулатория ел игілігіне берілмек.