Халықтың денсаулығы – елдің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе, әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз.Шығыста соңғы жылдары медицинаның әлеуеті артуда. Бұрын тек шетелде жасалатын күрделі оталарды бүгінде өңірдегі дәрігерлер қолға ала бастады. Нәтижесі де жаман емес. Облыс орталығындағы мекемелер керек-жарақпен қамтылған соң, ауылдағы ағайынның жағдайын арттыру ісі қолға алынды.Мәселен, Зайсан ауданындағы орталық ауруханаға жаңа КТ аппараты орнатылды. Енді шекаралық аймақтың тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ қажетті тексерістен өте алады.

Аудандық аурухана көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруда аянбай еңбек етіп келеді. Маман тапшылығы жоқ. Айта кетейік, соңғы жылдары Зайсанға келген жас мамандардың қатары артқан. Қазіргі таңда аудандағы медицина мекемесінде 475 адам ел иглігі үшін қызмет етеді, оның 76-ы дәрігер, 259-орта буынды медицина қызметкерлері. Жас мамандарға жергілікті әкімдіктің қолдауымен пәтер кілттері де табысталып жатыр. Соңғы 15-20 жылда барлығы 20-ға жуық дәрігер баспаналы болды. Биыл да атқарылған шаралар легі ауқымды. Қуанышты жаңалықтың бірі, талайдан бері халықтың сұранысына айналған КТ аппаратының орнатылуы.

Елдің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Қазір уақытта өңірдегі ауруханалардың басым бөлігі заманауи жабдықтармен жарақтандырылған.

Жаңа технологияларды қолдана отырып, пациенттерді сәтті диагностикалау және емдеу үшін дәрігерлер өз білімдерін үнемі жетілдіріп отыруы қажет. Мәселен, аудандық аурухананың дәрігер-рентгенологы Айсана Карибаева КТ аппараты арқылы жүргізілетін зерттеу жұмыстары бойынша білімін арттырған.

Аудандағы медицина мекемесін дамыту жұмыстары соңғы жылдары оң жолға қойылған. Әр жылдары ауруханада еңбек еткен бас дәрігерлер мен ақ халатты абзал жандарға аудан тұрғындарының алғысы шексіз.