«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында табиғат жанашырлары мен еріктілер Ұлан ауданына барды. Олар Асубұлақ орман шаруашылығында 20 мың қарағай көшетін отырғызды. Экоакцияға ресейлік блогер де қатысты.
Апталыққа қатысушылар жан-жақтан келген. Блогер әрі осы шараны өткізуге ұсыныс білдірген Алексей Сибирский алдымен барлық шара қатысушысына жұмыс барысын түсіндіріп өтті. Көшетті қалай дұрыс егуді, жер аударғанда аралықта ауа қалып қалмауын баса айтты. Мәселен, таяз жерге ұзын тамырды қайырып отырғыза салса, еңбектің желге ұшқаны. Экоакцияға облыс бойынша 200-ге жуық адам қатысты.
Облыстағы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаевтың сөзінше, ғылыми ұсыныстарға сәйкес, аймақтағы әр орманшылықта көшет егу жалғаспақ.
Сондай-ақ, экобелсенділер Асубұлақ орман шаруашылығына жататын аумақты қоқыстан тазартты.
Биыл облыс көлемінде 5650 гектар алқапқа ағаш егілмек. Оларды жергілікті орманшылар қадағалайтын болады.