Облыс орталығында дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы қала тұрғындарын сапалы өнім, қолжетімді бағамен Катонқарағай ауданы қуантты. Кәсіпкерлер ет, балық, бал мен сүттен жасалған түрлі өнімдерін нарықтан төмен бағада саудалап, қала жұршылығына өздерінің табиғи таза өнімдерін ұсынды.

Ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткізу игі дәстүрге айналған. Жәрмеңкеге катонқарағайлық шаруалар қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі тағамдар ұсынып, сөрелерді табиғи өнімге толтырды. Мұнда азық-түлік өнімдерімен қоса катонның брендіне айналған панты мен бал өнімдері келушілерге молынан ұсынылды.

Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай шараларды өткізу, тауар өндірушіге де, тұтынушыға да өте тиімді. Ең алдымен, өзімізде өндірілген отандық әрі сапалы өнімді өткізудің ұтымды жолы. Келген кәсіпкерлердің бірқатары жәрмеңкеге ірі қараның еті мен ақ тағамдарды саудаға қойған.Мәселен, жылқы етінің 1 келісі-2500 теңге болса, сиыр және қой еттері-2200 теңгеден саудаланды. Ал, балдың 1 келісі-2000 теңгеден.

Жәрмеңке жұмысы таң сәріден қызды. Қала тұрғындары жәрмеңкені асыға күтетіндерін айтып, мұндағы төмен бағаға дән риза екендіктерін жеткізуде.Табиғи, таза, әрі сапалы өнімдерді арзан бағамен сатып алған жұртшылық риза болып тарқасты.