Өңір тарихи ескерткіштер мен орындарға бай. Маңыздысы оларды зерттеу мен ғылыми еңбектерге енгізу. Аспан асты обсерваториясы атанған Ақбауыр, ерекшелігі бір бөлек Елеке сазы мен тарихқа бергені мол Берел. Бұл – жұрт білетіндердің біразы ғана. Ғалым Зейнолла Самашев Ұлан ауданында осындай тағы бір қазба жұмысына жетекшілік етуде. 

Қазба жұмыстарының жүргізіліп жатқанына бір ай болды. Аяқталуға жақын. Бұл орын археологиялық барлау кезінде Баяш Өтепов ауылы маңында табылған. Көне түркі заманына жатады. «Жалғасқан бірнеше текше қоршаулардан тұратын ғұрыптық кешен. Шамамен біздің заманымыздың 7-8 ғасырларына тиесілі болуы мүмкін. Әлі де зерттеу, талдау кезінде нақтылы жасы анықталады», дейді археолог Зейнолла Самашев.

Осыдан 7 жыл бұрын облыс әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен басталған археологиялық жұмыстар өз жемісін беруде. Бұл қазба орны жайлы деректер «ШҚО-ның археологиялық ескерткіштерінің очерктері» атты  ғылыми еңбекке енгізіледі деп жоспарлануда. Қаз-қатар тізілген қоршаулар ерте замандағы жерлеу ғұрпы жайлы ақпарат береді. Қазба тобының жетекшісі Ерлік Төлегеновтің айтуынша, бүгінгі діни рәсімдер мен көне түркі кезеңіндегі жерлеуде өзара байланыс бар. 

 «Тарихи экспедициялардың барлығының маңызы зор». Археологияға қызығушы болашақ ғалым Шұғыла Меделбіктің ойы осындай. Сөзіне сенсек, қазба жұмысы кезінде құр дүние жоқ, әр із, әр тас өз сырын шертеді. 

Мұнымен аймақтың айтулы тарихи орындарын зерттеу аяқталмайды. Алдағы жылдары да жалғасын таппақ.