Оралхан Бөкей атындағы кітапханада ақын, сазгер, қоғам қайраткері Жиынбек Рәбілұлының «Тірлік» атты туындысының тусаукесері өтті. Деректі прозада автор басынан өткен оқиғаларды еш бояусыз жеткізген. Салтанатты шараға Жиынбек Рәбілұлының туыс-туыстары мен дос-жарандары, зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары қатысты.

Автор оқырманға 1983-1985 жылдар аралығындағы әскери борышын өтеп жүрген кездегі оқиғаларын, 1993-2000 жылдары қоғамды толғандырған өзекті мәселелер жайында қалам тербеген. Сондай-ақ өзінің ұстазы Қадыр Мырза Әли туралы естеліктерімен бөліскен.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне келген қадірлі меймандардың бірі - белгілі ақын-журналист Хасен Зәкәрия дәл қазіргі уақытта кітап жазудың да, оны баспадан шығарып, ел арасына таратудың үлкен машақат екенін айтады.

Шара аясында Жиынбек Рәбілұлы жиналған қауымға «Анашым» әнін орындап берді.

Жиынбек Рәбілұлы дәл осындай кеш еліміздің Батыс өңірі мен Көкшетау, Солтүстік Қазақстанда да ұйымдастырылып жатқанын айтты.