Шығыс Қазақстанда екі жүз елуге жуық кен орны бар, оның сексені кенді, жүз сексеннен астамы кең таралған пайдалы қазбалардан тұрады. Олардың барлығы ҚР заңнамасына сәйкес пайдаланылуда. Өңірдегі жер қойнауы мәселелері БАҚ өкілдерімен мемлекеттік органдар және сала сарапшылары арасында өткен кездесу барысында талқыланды.

Жиынға қатысушылар құзыретті орган өкілдеріне Күршім ауданы Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасын салатын компанияның қызметіне қатысты көкейтесті сұрақтарын қойды. Айта кетейік кәсіпорын ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен жасалған келісімшарттар шеңберінде жұмыс істейді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары қолданыстағы экологиялық рұқсат бойынша жүзеге асырылуда.

Мамандардың айтуынша, фабрика салынса аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік мәселелер шешілмек. Яғни жұмыспен қамту, ауыл тұрғындарының басқа елді мекендерге жаппай көшуін тоқтату, бюджетке үлес қосуға сеп болмақ.

Эколог Дәулет Асанов өз кезегінде кездесуге қатысушыларға цианид қоспасын пайдалану арқылы алтынды қалай қауіпсіз өндіретінін айтып берді. Ол мұндай технология әлемнің көптеген елдерінде қолданылатынын атап өтті.

Эколог фабрикада сұйық қалдықтар болмайтынын атап өтті. Ал егер алда-жалда төтенше жағдай бола қалса, қолданылған қалдық қоспа арнайы шұңқырға ағызылады, ол жерде де технологиялық қауіпсіздік қатаң сақталған.

Компания тарапынан бөлінген 18 млн. теңгеге су ұңғымасын қазу жұмыстары жүргізілген. Және жергілікті тұрғындарға материалдық көмек көрсетілген. Бұдан бөлек қыс мезгілінде көшені қардан тазартуды, оған техника бөлуді қолға алған.