Ұлан ауданы Сағыр ауылында туристік маусымның ашылуы болды. Ауқымды шараға Алматы, Павлодар, Орал, Семей қалаларынан бөлек, көршілес елдерден келген еріктілер де бар. «Altai Fest» фестивалінде туристерге қызықты және танымдық шаралар, көптеген ойын –сауық пен ұтыс ойындары ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальге дайындық жұмыстары екі ай бұрын басталған. Көңілді думанға елдің түкпір-түкпірінен 500 – ден астам адам жиналды. Ұлан өңіріндегі Қызылтас тауының етегінде өткен фестиваль төрт бағдарлама бойынша өрбіді. Оның ішінде еріктілер Қызылтас тау жотасының ең биік нүктесіне шығып, «Ақбауыр» археологиялық кешеніне экскурсия жасады. Сонымен қатар, белсенді топ тауды айнала джип –тур жасап, атпен сейілге шықты.
Шараның ашылуынан кейін туристер бірнеше топқа бөлінді. Қатысушылардың басым көпшілігі Қызылтас тауының басына шығуға бел буған.
Фестивальге Виктор Тихонович көршілес Ресейден келген. Ол үшін бұл тау осы уақытқа дейін жеткен ең биік шың. Ал, Кенже Сембина шығысқа Қарағанды облысынан келген.
Таудың биіктігі 840 метр болса да, өз күшін сынағысы келгендер көп. Тау шыңын бағындыруға барлығы 400 –ден астам адам қатысты.
Сондай –ақ, фестиваль алаңында садақ атудан шеберлік сабақтары, балаларға арналған эстафеталар, этноауыл, глампинг лагері, жәрмеңке ұйымдастырылды.
Келген қонақтар үшін түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Жарысқа тігілген жүлде қоры 4 000 000 теңгеден асады.