Мәдениет – қоғам айнасы, ұлт мәйегі. Бұл тұрғыда мәдени нысандардың орны бөлек. Күршім ауданындағы Қабдолда Тұраров атындағы "Шабыт" мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңғыртылған ғимараттың келбеті келісті. 

Күршім – бірегей өнер майталмандары туған өлке. Сондықтан аудан руханиятын жаңғыртудың маңызы зор. Бүгінде осы мақсатпен бірқатар жоба қолға алынып, нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл мәдениет үйіне жаңа техникалар әкелініп, материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Әртістерге арналған жаңа "Газель" көлігін сатып алуға 18 млн. теңге қаржы қарастырылған. Онымен қоса сахналық киімдерге 6,5 млн. теңге қаражат бөлінбек. Алматылық мердігер ұйым сахнаның жөндеу жұмыстарын бастап кеткен.

Күршім ауданына 7 округ, 21 елдімекен қарайды. Аудандағы мәдениет мәселелері назардан тыс қалған емес. Орталықта бүгінгі күні бір аудандық мәдениет үйі, 27 ауылдық клуб бар. Бұл мекемелерде 109 маман жұмыс істейді. Оның 5-і мәдениет саласының үздігі. Ал, былтыр мәдени ордаға 8,5 млн. теңгеге жылжымалы сахна сатып алынған. Өнерпаздар атқарылып жатқан жұмыстарға дән риза.

Бұдан бөлек, аудан әкімі Алмат Ақышовтың ұсынысымен биыл мәдениет үйінің бірінші қабатында коворкинг орталығы ашылды. Онда тренингтер өткізуге, бірігіп түрлі бастамаларға дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар. Ең тиімдісі ешкім ол үшін ақы сұрамайды, кедергі келтірмейді. Ауылдағы үлкен-кішінің бәріне ортақ, жайлы демалыс орыны. Жұртшылық өздерінің жеке шығармашылық жұмыстарымен де айналыса алады.

Мәдениет үйін жөндеу жұмыстары 10 маусымда аяқталуы тиіс. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша алда Құйған ауылындағы клуб ғимаратын жөндеу жоспарда тұр. Қазір мердігерді анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.