Қала қонақтары мен тұрғындары демалыс күні табиғи өнім алып, бір жырғап қалды. Бұл жолы Күршім мен марқакөлдік фермерлер тағамдарын әкеліп саудалады. Бағасы қолжетімді, балғын өнім өскемендіктердің көңілінен шыққаны анық. Бәрі табиғи, таза азық-түлік.

Жәрмеңке – табиғи өнімнің жақсы бағамен ұсынылатын саудасы. Қолынан келсе молынан алып қалуға келген халықтың көңілі көтеріңкі. Ұйымдастырушылар жәрмеңкеге тыңғылықты дайындалған. 12 ауылдық округ шаруалары сөрелерге ірі қара, жылқы, қой етін тізген. Балықтың да түр-түрі самсап тұр. Бал мен сүттің бәрі бар. Ең ыңғайлысы – бағасы аспандап тұрған жоқ.

Ірі қара мен қой еті 2100 теңгеден, жылқы еті 2400 теңгеден саудаланды. Ал, омарташылар жеткізген табиғи балдың литрі 2200 теңгеден берілді. Жәрмеңкенің артық тұсы – тұтынушылар алып-сатарлардан үстеме бағамен алмай, тікелей шаруадан өз құнына алатынында жатыр.

Ауылдың дәмін аңсаған жұртта толас болмады. Әсіресе, Күршім мен Марқада туып-өскендер туған жердің өнімін алуға асық. Соның ішінде демалыс сайын жәрмеңкеге келіп тұратын Сара Тоқанова бар. Тұрғын неғұрлым табиғи өнімді тұтынуға тырысады.

 Қаладағы мұндай жәрмеңкелер апта сайын ұйымдастырылып тұрады. Тұрғындар да, фермерлер де игі шараға әбден үйреніскен.