Қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаев «Халық қаһарманы» атағына ұсынылады. Бұл туралы Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышов ақсақалдармен және қоғамдық ұйым жетекшілерімен кездесуінде айтты. Толығырақ Гүлдана Айдарқызы баяндасын.
Жақыпбек Малдыбаев 1907 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1929 жылы өз еркімен қызыл әскер қатарына қосылып, взвод командирінің көмекшісі болған. Ұшқыш-бақылаушылар даярлайтын мектепте білім алған. Испан соғысына қатысып, 1938 жылы қайтыс болған. Ер есімін ұмытпау, қадірлеу — ұрпаққа парыз. Осы тұрғыдан қазақтың тұңғыш ұшқышы Жақыпбек Малдыбаев жоғары атақ пен құрметке лайық дейді, аудан ақсақалдары.
Атақты ұшқыштың құрметіне өзі туған ауылындағы мектепке, Күршім ауылындағы орталық көшенің біріне аты берілген. 2022 жылы Малдыбаев көшесіне ескерткіш-бюсті қойылған. Құрылтайға қатысқан аудандық мәслихат депутаттары да бұл жолғы бастаманы бірауыздан қолдады.
Жақыпбек Малдыбаевтың өз заманының озық та алғыр азаматтардың бірі екендігін көптеген зерттеушілердің еңбектерінен білуге болады. Ол өзі өмір сүрген кезеңнің қиындығына қарамай, қай салада қызмет етсе де ерен ерліктің үлгісін көрсете білді дейді, аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Альбеков.
Бұдан бөлек, кездесу барысында ақсақалдар ауданда атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға да тоқталды. Жолдардың жөнделіп, су мен жарықтың тартылып жатқанына өз ризашылықтарын білдірді.