“Бүгінгі қоғамда адамдар бойында жанашырлық, өзгенің қуанышына ортақтасу, бауырмалдық қасиеттері кемшін боп жатады”. Облыстық драма театрында алғаш тұсаукесері өткен “Үлкен үй” қисса-драмасын қойған шығармашылық топ осы ойда. Мысырлық атақты жазушы Нагиб Махфуздың шығармасы желісімен ұсынылған спектакль көптің көңілінен шықты. Отбасы, адами құндылықтарды дәріптеген шығарма ұлттық менталитетке де сай.

 «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті». Қойылым өзегі өзгеге деген мейірімді, басқаның бақытын қызғанбауды меңзейді. Әйгілі Мысыр жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Нагиб Махфуздың шығармасы Өскеменде алғаш қойылды. Оның желісі бойынша бір шаңырақтан тараған бірнеше ұрпақ әкелерінен теріс бата алып, Ібілістің азғыруымен түрлі жолға түседі. Ағайындылар арасындағы алауыздық әкенің әмірінен кейін басталады.

Басты рөлде Адһам есімді ұлы. Оқиға соның айналасында өрбиді. Жары Үмәймә екеуінің басынан сан алуан жайт өтіп, шаңырақ шайқалады. Шығарма Мысыр даласында жазылса да, режиссердің арқасында қазақы танымға түсінікті, жақын етіп қойылды.

Қойылым өмір шындығын, адамдардың ақиқатын айнадай етіп көрсетіп берген. Пендеге тән өзара талас-тартыс, теріс ойлардың азғыруы, ниеттің бұзылуы мен махаббат та бар. Сондықтан өнер деп емес, өмірдегідей ойнадық, дейді рөлдегілер.

Спектакль ерте заманның аңыз-әпсанасына сүйене отырып, адамдардың қарашаңыраққа деген адалдығы мен құрметі қиссамен жеткізді. Қазақ халқы үшін де қарашаңырақтың қасиеті мен қадірі бөлек.