Облыста «Репродуктивті денсаулық» апталығы басталды. Денсаулықты нығайтуға арналған шаралар легі 12-18 мамыр аралығына жоспарланған. Осы уақыт аралығында отбасы құндылығын насихаттау, жастардың және тұрғындардың репродуктивті сауаттылығын арттыруға бағытталған тақырыптар қамтылады.

Апталықтың алғашқы күні "Отбасын жоспарлау" тақырыбына арналған. Игі бастаманың өтуіне облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйытқы болды. Мамандардың айтуынша, отбасыны жоспарлау – ер мен әйелдің ортақ жауапкершілігі. Сондықтан ақпараттық-түсіндірме жұмыстары барынша күшейтілуде. Апталық аясында дәрігерлер тұрғындармен тікелей кездесіп, ашық есік күндерін өткізуді қолға алған. Мәселен, Өскемен қаласындағы отбасылық амбулаторияның Жастар орталығында тұрғындарға арнайы лекциялар мен тегін кеңес беру алаңдары құрылған.

Репродуктивті денсаулық апталығы – жастардың жыныстық сауаттылығын арттырып, ерте жүктілік пен инфекциялық аурулардың алдын алуға бағытталған. Апта бойы мамандар жоспарланбаған жүктілік пен адам папиллома вирусының қаупі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

Жастар орталығында көрсетілетін медициналық және психологиялық қызметтердің қолжетімділігі, әсіресе, дербес мәліметтердің құпия сақталуы – жасөспірімдердің сенімін арттырған. Репродуктивті денсаулық апталығы – білікті мамандарға сұрақ қойып, тексеруден өтудің және салауатты болашаққа қадам жасаудың бірегей мүмкіндігі. Бұл бастама облысқа қарасты аудандар мен қалаларда өтіп жатыр.