Жеңістің 80 жылдығына орай Қасым Қайсенов кентінде Батырлар аллеясының салтанатты ашылуы өтті. «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты шара Отан үшін от кешкен ардагерлерге тағзым ретінде ұйымдастырылды. Алғаш рет 2015 жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында кәсіпкер-меценат Қайрат Мусиннің бастамасымен бой көтерген бұл аллея биыл толық жөндеуден өтіп, жаңа келбетпен ел игілігіне қайта берілді.

Ең алдымен Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановқа Халық қаһарманы Қасым Қайсеновке арналып салынған муралды таныстырды. Мурал кенттегі №9 үйдің қасбетінде орналасқан. Ал, Аллея алаңында соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды. Батырлар аллеясын қайта жаңартуға 86 миллион теңге бөлінген.

Шараға Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің ұлы Болат Қайсенов те қатысты.Ол бұл ашараға арнайы келген.

Ұланнан шыққан 10 батырдың ішінде Шәкер Смаилов бар. Шараға оның ұлы Өтеген Смаилов та қатысты.

Бұл шара – тарихты ұмытпай, өскелең ұрпаққа үлгі болар ерлік шежіресін дәріптеу. Жеңістің 80 жылдығы – ата-бабалар ерлігіне тағзым ғана емес, елдік пен бірліктің символы. Мұндай игі шаралардан С.Аманжолов атындағы ШҚУ қалыс қалмады.

Бұдан соң, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тыл еңбеккері Мұрат Қалиасқарұлы Ожановтың шаңырағына арнайы барып, Жеңіс мерекесімен құттықтады.Соғыс басталған тұста Мұрат ақсақал 10 жасқа енді толған екен. Сол уақыттан бастап тылда аянбай еңбек еткен. Кейін бар өмірін білім саласына арнаған. Бұдан бөлек, аймақ басшысы Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің құрметіне ұйымдастырылған бокс турниріне де қатысты.