Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс қырлары» көркемөнер көрмесі ашылды. Көрмеге әр буын өкілдерінің қырыққа жуық туындысы және музей қорындағы картиналар келушілер назарына қойылды. Әр сурет көрген адамды тарих тереңіне тартып әкеткендей әсер қалдырады дейді ұйымдастырушылар.

Қазақстан Жеңіске зор үлес қосты. Тарихи дерекке сүйенсек, 1,2 миллионнан астам қазақстандық майданға аттанды. Оның 600 мыңнан астамы қайтып оралмады. Зұлмат соғыстың зардабы мен залалы, қара қағаз, жеңіс жайлы хабар жеткендегі қуаныш сәті бәрі-бәрі көрмедегі картиналарда бейнеленген. Мұндағы әр сурет тарихты бейнелеп тұр. Сол күннен бері 80 жыл өтсе де адамның көңілін құлазытып, қалың ойға батырмай қоймайды.

Белгілі суретші Аштема Николай Павлович 1942 жылы дүниеге келген. Сын дәуірдің зардабын көзімен көрген азамат. Жеңіс жолында шалынған құрбандық, ардагерлерге деген құрмет пен бейбіт заманның қадірін жақсы біледі. Содан болар, суреттері өзі ақ сөйлеп тұр.

 «Көрмеде соғыс оқиғаларын, қазақстандықтардың майдандағы өмірі мен ерлігін бейнелейтін портреттер мен суреттер ұсынылған. Көрме өткенді естен шығармауға және өнер арқылы бейбітшілік пен патриотизм құндылықтарын жеткізуге арналған» дейді музей қызметкерлері.

 «Жеңіс қырлары» көркемөнер көрмесі мағыналы туындылар арқылы өз мақсатына жетті, дейді келушілер.