Жеңістің 80 жылдығына орай Зайсан ауданында соғыс ардегерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. 102 жастағы Зәкен Құрманғожановқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты табысталды. Ал аудан кәсіпкерлері ардагерге су жаңа көлік сыйлады.

Көненің көзі, Ұлы Отан соғысының куәгері Зәкен Құрманғожанов жерлестерімен бірге 1942 жылы әскерге шақырылып, майдан шебіне аттанған. Әскери жолын сержант шешінен бастаған ол взвод командирі болып басшылық еткен. Еліне 1946 жылы оралған сәттен, зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін ауыл игілі үшін талмай қызмет еткен. Ардагерді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады.

Зәкен Құрманғожанов Жеңістің 80 жылдығын ғасыр жасынан асқан шағында жерлестері мен ұрпақтарының арасында тойлату бақытына ие болды. Зайсан өңірінің аңыз ақсақалына аудан кәсіпкерлері темір тұлпардың кілтін табыстап, ақшалай сыйлық берді.

Ардагердің он баласы бар. Бүгінде ұрпағының алды зейнетке шыққан. Ұл-қыздарынан тараған немере-шөберелері де бір қауым ел. Әулетінің алтын қазығы болған ардагердің ұлы көрсетілген сый-құрмет үшін өз алғысын білдірді.

Зәкен Құрманғожанов – тірі аңыз, қос ғасырға куә болған майдангер. Батырдың жүріп өткен жолы, ерлігі бүгінгі ұрпаққа өнеге.