Жеңіс күнін риддерліктер де ерекше құрметпен атап өтті. Бүгінде кеншілер қаласында соғыс ардагері мен 277 тыл еңбеккері тұрады. Салтанатты шара Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды.

 «Ажалдың көзіне тура қара, кірпік қақпа, сонда сенен ажал қорқады, сен жеңесің». Бұл Төлеген Тоқтаровтың рухтастарына айтқан сөзі. Жеңіс күнінде батырдың рухына тағзым етуге жерлестерімен қатар немере қарындасы да қатысты. Жұмабике Байкенова ағасының мейірімін тебірене еске алды.

Бұдан кейін қала тұрғындары «Даңқ» мемориалы кешеніне жиналып, майдан даласынан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бейбіт күн үшін жанын құрбан еткен сарбаздар рухына тағзым етіп, Мәңгілік алауға гүл шоғын қойды.

Жеңістің 80 жылдығын тойлауға риддерліктер түгелдей дерлік жиналған. Себебі, әр шаңырақта Жеңіске қол жеткізуге елеулі үлес қосқан жандар бар. Солардың бірі – Тамара Бедарева. Жастайынан еңбекке араласып, тылда жүріп жеңіс үшін аянбаған. Аштықты да, жоқшылықты да көрді. Ғасырға таяған кейуананың бір ғана тілегі бар. Ол – ел мен жердің амандығы.

Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.