Самар ауданындағы Палатцы елді мекенінен Подгорное ауылына дейінгі жол жөнделеді. Бұл туралы аймақ басшысы ауданға барған сапарында айтты. Сондай-ақ, облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысанды аралады. Бұдан бөлек, Жеңіс күніне орай аудандағы тыл ардагерлерін құттықтап, соғыста қаза болған батырлардың рухына тағзым етті.

Соғыс жылдары ұрыс алаңына өңірден 90 мыңға жуық азамат аттанса, оның жартысынан астамы қайта оралмаған. Жеңісті бір табан жақындатқан жандарға лайықты құрмет көрсету – ұрпақ парызы.

Мереке кезінде аймақ басшысы аудан тұрғындарын көптен бері мазалап жүрген жол мәселесінің оң шешімін тапқанын мәлімдеді. Палатцы ауылынан Подгорное ауылына дейінгі жолға қиыршық тас төселіп, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл ауыл арасындағы қатынасты жақсартып, аудандағы логистика мен туризмнің дамуына оң әсерін тигізеді.

Шара аясында облыс әкімі тыл еңбеккері Елизавета Бикбаеваға «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалін табыстады. Дәл осындай марапатты тыл ардагері, ғасыр жасаған Құрма Жетеноваға да табыстады. 10 бала өсіріп жеткізген кейуана соғыс кезінде механизатор болып еңбек еткен.

Бұдан кейін, әкім Самар ауданындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Атап айтқанда, төтенше жағдайлар бөлімінің материалдық техникалық жағдайын тексерді. Төрт елдімекенді және 5 000-нан астам тұрғынды орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіп отырған мекемені аралады. Аудандық сот, полиция бөлімі, кітапхана және «Самар ауылшаруашылық-техникалық колледжі» жатақханасына барды. Бұдан бөлек, ауданда жаңадан салынып жатқан 150 орындық білім ордасының құрылыс жұмыстарымен де танысты. Сондай-ақ, өңірдің су теңгерімін реттеуде маңызды рөл атқаратын «Ешкібай» су қоймасына барды. Аймақ басшысы гидротехникалық нысанда су тасқынына қарсы іс-шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.