Риддерде Отан қорғаушылар күніне арналған «Айбынды Қазақстан» атты мерекелік концерт өтті. Ауқымды шараға тыл еңбеккерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, полиция қызметкерлері мен жастар қатысты.
Мерекелік жиында Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті хорының өнерпаздары риддерліктерге әсем әннен шашу шашып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Шараның ресми бөлімінде салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Тыл еңбеккерлеріне Жеңістің 80 жылдығына арналған мерейтойлық медаль табысталды. Бұл - олардың Жеңіске қосқан үлесі үшін көрсетілген терең құрмет пен ризашылықтың белгісі.
Сонымен қатар, қызмет барысында ерлік пен жанқиярлық танытқан полиция және азаматтық қорғаныс бөлімінің қызметкерлері марапатталды.
Концерттік бағдарламадан басқа, мәдениет сарайының залы кітап көрмесімен және Ұлы Отан соғысының батырлары бейнеленген суреттермен безендірілген. Мерекелік жиынға қатысқан риддерліктер мұндай шаралар өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім мен тарихқа құрмет сезімін қалыптастыра отырып, маңызды тәрбиелік сипатқа ие екенін атап өтті.
Отан қорғаушылар күніне арналған бұл концерт жастарға үлгі, аға буынға құрмет, ал барша риддерліктерге ортақ рух пен мерекелік көңіл күй сыйлады.