Алтай ауданының тұрғындарыда Жеңістің 80 жылдығын салтанатты түрде атап өтті. Жиналғандар «Мәңгілік алғыс» атты патриоттық акциясына қатысты. Шара барысында жергілікті қауым Мемориалға гүл шоқтарын қойып, сүйікті әскери әндерді әуелете шырқады.

Ардагерлер майдан даласында қайсарлық пен батылдықтың озық үлгісін көрсетті. Бүгінгі жас буын сол ерлікті ешқашан ұмытпай, қадірлеп өсуі тиіс. Алтай ауданынан майданға 14 мыңға жуық азамат аттанып, оның 3 мыңға жуығы туған жерге оралмады. Ал, асқан ерлікпен көзге түскен 11 жауынгер Кеңес одағының батыры атанды.

Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қала тұрғындары түгелдей жиналды. Өйткені бұл мейрам әрбір жан үшін қымбат. Шараға қатысқан ерлердің бірі - Қайдархан Баянбаев. Ол жастайынан тылда қажырлы еңбек етті. Аштықты да, жоқшылықты да бастан өткерді. Бүгінде тоқсаннан асқан қарттың тілегі - еліміздің тыныштығы мен бейбіт күннің баянды болуы.

Мереке аясында Орталық алаңда «Ерлікке тағзым - Жеңіске құрмет» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Жиналған қауым бүгінгі бейбіт өмір үшін күрескен ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне өздерінің ізгі тілектерін, алғыстарын жеткізді.

Бүгінгі бейбіт өмір - кешегі ерен ерлік пен жанқиярлықтың жемісі. Ұрпаққа тыныш таң мен ашық аспан сыйлаған ардагерлердің есімі ел жадында мәңгі сақталуы тиіс. Жеңіс күнінің маңызын терең сезінген алтайлықтар бұл жолы да тарихи рухты жаңғыртып, оны өскелең ұрпаққа аманат етер асыл құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл - Жеңіске деген шексіз құрметтің, мәңгілік тағзымның белгісі.