Облыстық ТЖД мамандары балалардың жазғы демалыс кезеңінде жазатайым оқиғалардың алдын алу жұмыстарын күшейтті.Аймақтағы құтқарушылар өскемендегі «Самал» саябағында су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін жас өрендерге түсіндірді. Бұдан бөлек, оқушылар ТЖД мамандарының қызметімен танысты. Аталған шара Халықаралық балаларды қорғау күініне орай ұйымдастырылды.

 «Самал» саябағында өткен шарада облыстық ТЖД қызметкерлері оқушыларға шеберлік сағатын ұйымдастырды. Жас өрендер түрлі байқауларға да қатысты. Олар ең алдымен шартты өртті сөндіріп, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын меңгерді. Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезінде қолданылатын құрал-жабдықтармен танысты.

Шараға қатысушылар акцияны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Бастама аясында алған білімдері оларға болашақта өз септігін тигізетініне сенімді.

Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әсіресе, жазғы демалыс уақытында сақтық шараларына мұқият болған жөн. Құтқарушылар өз кезегінде кез келген жағдайда көмек көрсетуге дайын екендіктерін айтады.Ал егер оқыс оқиғамен бетпе-бет келсеңіз 112 нөміріне хабарласыңыз, дейді мамандар.