Өскеменде жыл басынан бері 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Келеңсіз жайттың алдын алу мақсатында облыс орталығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қалалық полиция басқармасы мәлімдеді.

Шараның мақсаты – жол апатының алдын алу, қозғалыс ережелерін бұзуға жол бермеу. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында жауапкершілік пен сақтық мәдениетін қалыптастыру.

Тәртіп сақшылары алдын алу шараларын күшейтіп, азаматтар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Алайда, бекітілген талапты елемегендер қатары азаймай тұр. Салдарынан соңғы бес айда бір ғана облыс орталығында жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Сандарға көз жүгіртсек 310-ға жуық жол апаты тіркеліп, 414 азамат түрлі дене жарақатын алған. Бұдан бөлек, облыс орталығының полиция басқармасы жүргізушілердің құжатын тексеру барысында заң бұзушылық анықталғанын айтты.

Балалардың жолдағы қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылған. Білім ошақтарында, балабақшаларда жол жүру ережелері бойынша арнайы сабақтар өткен. Тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» шарасы бір реттік науқанмен шектелмейтінін, жыл бойы жалғасатынын айтты.