Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданы тұрғындарымен кездесті. Аймақ басшысы аудан жұртымен өңірдегі экономика өсімін, инфрақұрылымды дамыту және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу жайлы мәселелерді талқылады.Жиын барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов зайсандықтармен кездесу барысында ауданды дамыту мақсатында атқарылатын жұмыстар легін атап өтті.
Кездесуде инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік мәселелерді шешу, шағын ауылдарды дамыту сынды тақырыптар кеңінен талқыланды. Жиында аймақ басшысы аудан тұрғындарын толғандырған сауалдарға жауап беріп, олардың ұсыныстарын тыңдады. Көтерілген мәселелерді шешу бойынша облыс әкімі жауапты салалық басқармаларға нақты тапсырмалар берді.
Кездесуден кейін облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке қабылдап, сұрақтарына құлақ түрді. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов сапар барысында 1 маусым – «Балаларды қорғау күніне» орай зайсандық жас спортшыларға жаңа шағын автобусты сыйға тартты. Бұдан соң, аудандық ауруханаға ат басын бұрып, қызмет көрсету сапасын тексерді. Бүгінде Зайсан аудандық ауруханасы жанындағы жұқпалы аурулар бөлімінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Наурыз айында басталған құрылыс шілде айының ортасына дейін аяқталады деп жоспарланған. Өңір басшысы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысанда болып, тапсырылу мерзімі таяғанын еске салды.