Глубокое кентінің жастары жылдағы дәстүрге сай мәңгілік алауға жиналып, майданда қаза тапқандардың рухына тағызым етті. Мерекелік бағдарлама аудан тұрғындары мен қонақтарының басын біріктірді. Орталық алаңда түрлі көрмелер мен фотоаймақтар да орналастырылды.

Бүгінгі таңда Глубокое ауданында екі соғыс ардагері тұрады. Майдангерлердің Отанға сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Мемлекет тарапынан ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне зор қөңіл бөлініп, қолдау көрсетілуде. Жеңіс күні батырлардың ерлігін еске алып, барша халықтың басын біріктіретін ұмытылмас күн.

Тыл ардагері Елена Ступак соғыс басталғанда небәрі 9 жаста болған. Тылда күні – түні тыным таппай жұмыс істеген. Сол кезде басынан өткен қиындықтарды ешқашан ұмытпақ емес. 93 жастағы қария жыл сайын атаулы датаны тойлауға асығады. Жеңіс күнінің маңызын өскелең ұрпаққа әрдайым айтып жүреді.

Жеңіс күніне арналған мерекелік шараға келген тұрғындар мәңгілік алауға гүл шоғын қойды. Мереке күні орталық алаңда көптеген шаралар өтті.

Бұдан бөлек, орталық алаңда көрме де ұйымдастырылды. Онда соғыс жылдарындағы экспонаттар қойылды. Әрбір жәдігер –Жеңіс тарихымен тығыз байланысқан өмірдің бір көрінісі, тұтас тағдыр.

Соғыс жылдары бүкіл елдің жадында мәңгі сақталатын оқиға. Облыс тұрғындары бейбіт күнді сыйлаған майдангерлерге өз алғыстарын білдірді.

Мерекелік бағдарлама «Шырақ жақ» акциясымен және отшашумен аяқталды.