Облыс орталығында «Шекара маңындағы аудандарды дамыту – өңір дамуының негізі» атты сарапшылар қауымдастығының отырысы өтті. Жиында шекаралық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Жиынға Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков жетекшілік етті. Ол Абай және ШҚО-дағы шекаралық аудандарға бұрынғы мәртебесінің қайтарылуы оң өзгерістерге жол ашқанын атап өтті. Аймақтарда әлеуметтік-экономикалық жағдай жанданып, инфрақұрылым біртіндеп жаңарып келеді. Отырыста шекаралық аумақтардағы түйткілді мәселелерді шешу жолы да қозғалды.
Кеңес өкілдері аймақтар арасындағы даму алшақтығын қысқарту мәселесіне де назар аударды. Бүгінде инфрақұрылым мен әлеуметтік теңсіздікті жоюға бағытталған жаңа өңірлік даму тұжырымдамасы әзірленуде.
Жиын соңында кеңес мүшелері шекара маңындағы аудандардың дамуына ықпал ететін бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Бұл бастамалар әрі қарай пысықталып, тиісті мемлекеттік құрылымдарға жолданбақ.