Өскеменде «WorldSkills – 2025» чемпионатының салтанатты ашылуы өтті. Биыл өңір колледждерінен 170-тен астам студент 38 құзыреттілік бойынша өзара кім мықтыны анықтайды. Байқау дәстүрлі түрде «Казцинк»ЖШС қолдауымен өтуде.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты. Ол мұндай жарыс дарынды жастарды анықтауға, оларды ынталандыруға және бәсекеге қабілетті жұмыс күшін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«WorldSkills» чемпионаты – жас мамандардың кәсіби шеберлігі мен біліктілігін көрсетуге арналған маңызды алаң. Бұл білім беру инфрақұрылымының дамуына тікелей әсер ететін кадрларды даярлаудың жаңа жүйесі.
Еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман даярлауда Worldskills қозғалысының маңызы зор, дейді чемпионаттың бас демеушісі – «Казцинк» ЖШС өкілдері.
Чемпионат қатысушылары «WorldSkills» тек кәсіби дағдыларды көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар тұлғалық және мансаптық өсу жолындағы үлкен қадам деп отыр.
Жарыс төрт күнге созылады. Бірнеше кезеңнен тұратын аймақтық чемпионат жеңімпаздары қараша айында Астанада өтетін республикалық кезеңде өнер көрсетуге мүмкіндік алады.