Риддерліктер Төлеген Тоқтаровтың есімімен аталатын орталық көшеде Жеңістің 80 жылдығын атап өтті. Салтанантты шарада мектеп оқушылары соғыс жылдарындағы әндерді шырқады. Мақсат – туған жердің тарихын дәріптеу, тұрғындар арасындағы ынтымақты арттыру.
Төлеген Тоқтаров 1920 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол майданда ерлік көрсетіп, тек өз заманының ғана емес, кейінгі ұрпақтың да қаһарманына айналды. Оның ерлігі - бүгінгі жасқа үлгі. Мерекеден «Jas sarbaz» кадет сыныбының балғындары да қалыс қалмады. Кадеттердің салтанатты шеруі ерекше әсер қалдырды.
Жиналған қауымның назарына батырдың өмірі мен ерлігі жайлы сыр шертетін көрме ұсынылды. Қала тұрғындары мен қонақтары фотосуреттермен және тарихи құжаттармен танысып, бейбіт өмірдің қалай келгенін тағы бір мәрте еске алды.
Риддер қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев бұл шараның алдағы жылдары да жалғасын табатынын атап өтті.
Риддерде соғыс ардагерлерінің есімі берілген жеті көше бар. Бейбіт өмір үшін жанын қиған ата-баба ерлігі ұмытылмақ емес.