Солнечное кентіндегі Өскемен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында психологиялық бой жазу бөлмесі ашылды. Бұл бөлме орталық қарияларының психологиялық күйзелістен арылуына, жүйке жүйесін нығайтуға көмектеседі.

Өскемен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 70 жастан 101 жасқа дейінгі 114 зейнет жасындағы азамат қызмет алады. Қарт адамдардар үшін тәннің саулығымен қатар жанның, жүйкенің саулығы аса маңызды. Психологиялық бөлменің ашылу салтанатына куә болған қариялар ақ батасын беріп, өз алғыстарын білдірді.

Бөлменің дизайны өте ерекше. Массажға арналған жұмсақ орындықтар, түрлі сәулелі жарықшамдар, аудиовизуалды бағдарламалары бар проектор, тербелетін орындық, аквариум, психодиагностикаға арналған қол жаттығуларының бәрі қарттардың денсаулығы үшін.

Орталық басшылығы психологиялық бөлменің ашылуына көмек көрсеткен барша демеушілерге алғыс білдірді. Қазыналы қарттарымыздың дені мен жаны әрдайым сау болсын, деді шара қонақтары.