Ғылым және жоғары білім министрі кеңесшісі шығысқазақстандық мектеп оқушыларымен кездесті. Руслан Емелбаевпен өткен кездесуде көтерілген негізгі мәселелер ҰБТ тапсыру, білім беру гранттарының санына қатысты. Шараға мұрындық болған С.Аманжолов атындағы ШҚУ.
Биыл 216 мың талапкер ҰБТ тапсырады. Екі мүмкіндікті ескергенде жалпы саны 399 мыңға дейін жетеді. Елімізде ашылып жатқан шетелдік ЖОО филиалдарына қазақстандық талапкерлер мемлекеттік грант негізінде оқуға түсу мүмкіндігіне ие екені де айтылды. Сондай-ақ Руслан Емелбаев отандық ЖОО-лар барлық қажетті ресурстарға ие екенін айтып, талапкерлер шекара аспай-ақ халықаралық деңгейдегі диплом алуға мүмкіндіктері барын сөз етті.
Кездесуге аудан-қалалардан келген 600-ден астам мектеп түлектері университеттерге түсу туралы өзекті ақпарат алып, Аманжолов университетінің қызметімен танысты.
Кездесу аясында Руслан Емелбаевқа жоғары білім беруді дамытуға қосқан үлесі және университетпен табысты ынтымақтастығы үшін «Сәрсен Аманжолов атындағы медаль» табысталды. Сонымен қатар, облыстың 14 дарынды мектеп түлектеріне Аманжолов университетінің білім беру гранттары берілді. Ішінде болашақ «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті Айшолпан да бар. Еске сала кетейік, негізгі ҰБТ 16 мамырда басталады.