Аймақта өрт қаупі жоғары кезең басталғалы жауапты мамандар тілсіз жаудың алдын алу шараларын күшейтті. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері орман алқаптарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тұрақты мониторинг жүргізіп отырады.
Рейдтік шараларды өрт сөндірушілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, полицейлер мен орманшылардан құрылған 50 мобильді топ жүргізеді. Олар орман ішін аралап, ашық алаңдарды тексеріп, заң бұзған тұрғындарға ескерту жасайды. Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 101 рейд жүргізілді. Нәтижесінде, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабы бойынша 41, 336-бабы бойынша 12, жалпы саны 53 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Рейд барысында құтқарушылар тәжірибе өткізіп, қараусыз қалған оттың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Әсіресе мереке және демалыс күндері мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіледі. Бұл күндері орман мен таулы аймақтарға келушілер саны артатындықтан, бақылау да күшейе түседі.
Қызыл жалын көбіне демалушылардың отқа салғырт қарауынан, сөндірілмеген темекі тұқылынан, күн сәулесін шағылыстыратын шыны бөтелке қалдықтарынан туындауы мүмкін. Сондықтан ТЖД қызметкерлері тұрғындарды дала мен орман алқаптарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.