Облыс орталығында шоумендер мен асабаларға арналған «SHOWMEN FEST 2025» облыстық фестивалі өтті. Той саласы мен мәдениет өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырған шараға тілшіміз де барып қайтты.
Шара облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өтті. Өңірдің ауыл-аймақтарынан шоуға қатысуға 150-ге жуық өнерпаз өтінім берген. Солардың ішінен 25 шоумен іріктеліп алынып, облыстық филормония сахнасында финалдық кеште өнер көрсетті.
Креативті индустрияны дамыту мақсатында ұйымдастырылған шараға сала мамандары мен жұлдыздары да арнайы шақыртылған. Олар фестивалде қазылық етіп, өңірдің ең үздік шоуменін анықтады.
Қатысушылар «Өзін-өзі таныстыру», «Асабадан тілек», «Залдағы көрермендермен ойын» сайыстары бойынша бақ сынады. Фестиваль қорытындысы бойынша зайсандық Мәди Айтқабылов ең үздік шоумен атанып, 500 000 теңгені қанжығасына байлады.