Зайсан ауданында әлеуметтік маңызы бар нысандар құрлысы қарқын алуда. Мәселен, 2023 жылы құрылысы басталған кірпіш зауыты көп ұзамай іске қосылса, Үлкен Қаратал ауылында 180 орындық жаңа мектеп салынуда. Тақырыпты тілші тарқатсын.
Зайсан ауданында ілкімді істер қолға алынуда. Айнабұлақ ауылынан 7 шақырым жерде қытайлық «Хун ту» компаниясымен бірлескен жоба аясында кірпіш зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 2023 жылы құрылысы басталған нысанда қазіргі кезде әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ендігі кезекте жарық тартылады. Жоспарға сай келесі айда қолданысқа берілуі тиіс. «Саялым» ЖШС бастамасымен қолға алынған жаңа жоба табысты жүзеге асса Зайсан ауданының өндірістік әлеуетін дамытуға мүмкіндік туады.
Зауыт іске қосылса 70 тарта азамат еңбекке араласады. Өндіріс орны айына 2 миллион дана кірпіш шығаруға қауқарлы. Мамыр айының соңында алғашқы өнім өндіру қолға алынады.
Ал Үлкен Қаратал ауылында 180 орындық жаңа мектеп құрылысы жүргізілуде. Білім ордасын биыл пайдалануға беру көзделген. Ондағы кабинеттер заман талабына сай жарақтандырылады. Асхана мен акт залы да талапқа сай болады.
Ауданда қолға алынған бастамалардың болашағы зор. Енді ауыл балалары келер оқу жылында жаңа мектепте білім алады.